Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келді. Азан шақырып қойған есімі — Адам-Жүсіп. Әкесі Көпей кедей, бірақ сөзге шешен, ел ішінде беделді адам болған.
Бес жасынан ауыл молдасынан хат танып, ерте жастан өлең шығара бастады. 1873 жылы, он бес жасында Баянауылдың атақты биі Мұса Шорманұлының алдында өлең оқып, оның «мәшһүр болсын» деген батасын алады. Содан бері «Мәшһүр» деген атпен танылды.